Петропавл қаласындағы Жұмабек Тәшенов атындағы №20 орта мектеп 2000 жылдың 25 қазанында қазақ тілінде білім беретін жалпы орта білім беру мекемесі ретінде ашылды. Мектеп алғаш ашылғанда 320 оқушыға арналған ғимарат берілді. Сол жылы мектептің тұңғыш директоры болып Мұқышева Ш.Ж. тағайындалды. Ол 2000 жылдан 2015 жылға дейін білім ордасын басқарып, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.
Мектеп ұжымы алғашқы күннен бастап сапалы білім мен тәрбиені басты мақсат етіп қойды. Жылдар өте мектеп заманауи оқу құралдарымен, компьютерлік сыныптармен, интерактивті тақталармен жабдықталды. Ұстаздар құрамы тәжірибелі, “педагог-зерттеуші” және “педагог-сарапшы” санатындағы мұғалімдерден құралған. Оқушылар қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында жүлделі орындарға ие болып келеді.
2015 жылы мектепке көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мүддесін қорғаған тұлға Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтің есімі берілді. Осыған орай мектепте еске алу шаралары өткізіліп, тұлғаға арналған бұрыштар мен стендтер жасақталды. Бұл оқушылардың туған ел тарихына, елжандылыққа деген қызығушылығын арттырды.
2015 жылдың қараша айынан 2020 жылдың шілде айына дейін мектеп директоры қызметін Шакенов Д.К. атқарды. Ол өз қызметі барысында оқу-тәрбие процесін жетілдіру мен материалдық-техникалық базаны нығайтуға үлес қосты.
2021 жылдың ақпан айынан 2024 жылдың тамыз айына дейін мектепті Хамзина Г.Қ. басқарды. Оның басшылығымен білім беру сапасы артып, педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыру мен оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп директоры қызметін Жамулдинова Ж.И. атқарып келеді. Оның басшылығымен ұжым жаңашылдыққа ұмтылып, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіруде және оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда бірқатар жетістіктерге жетіп отыр.
Бүгінгі таңда мектеп — өз дәстүрі қалыптасқан, рухани құндылықтарға негізделген, заманауи талаптарға сай білім ордасы. Мұнда сапалы білім мен тәрбиені ұштастырған тәжірибелі педагогтар мен білімге құштар шәкірттер еңбек етуде. Жыл сайын түлектері жоғары оқу орындарына түсіп, ел дамуына өз үлесін қосуда. 2023–2024 оқу жылында мектепті 17 түлек тәмамдап, олардың 11-і мемлекеттік білім грантының иегері атанды. 2024–2025 оқу жылында 25 түлек мектеп бітіріп, олардың 16-сы грант иегері, ал 1 оқушы “Алтын белгі” иегері атанды. Бұл нәтижелер мектеп ұжымының еңбегінің, сапалы білім мен жүйелі тәрбиенің айқын көрінісі болып табылады.
Сонымен қатар, мектеп қабырғасында оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу мен шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында 9 үйірме жұмыс жасайды. Олар: домбыра, вокал, шешендік өнер, робототехника, волейбол, каратэ, күрес, шахмат және бес асық үйірмелері. Бұл үйірмелер оқушылардың өнер, спорт және ғылым саласында жетістікке жетуіне мүмкіндік береді.
